Қаз Рус Qaz قاز
Таң 05:53 Күн 07:23 Бесін 13:43 Екінті 17:52 Ақшам 19:51 Құптан 21:21

ҚАЖЫЛЫҒЫҢЫЗДЫ ӨТЕҢІЗ

09/08/2019 0 0 www.muftyat.kz

ҚАЖЫЛЫҒЫҢЫЗДЫ ӨТЕҢІЗ

«Қажылық» сөздікте қасиетті орындарды зиярат ету деген мағынаны береді. Ал діни терминологияда «Арафат тауында ғибадат ниетімен бір уақыт тұру, одан соң шарттарына сай тауап ету арқылы Қағбаға зиярат жасау, тағы да басқа амалдарын орындау» дегенді білдіреді. Және бір түсіндірмеде қажылық деп «қасиетті Қағбаны белгілі күндерде, белгілі шарттармен зиярат ету» (Тахмаз, Фи саубил-жадид, 447) аталған.

Намаз, ораза, зекет секілді қажылық та – Исламның бес парызының бірі. Ол һижреттің тоғызыншы жылы парыз болған. Қажылыққа бара алатындай байлығы мен денсаулығы бар әрбір мұсылманға өмірінде бір рет қажылыққа бару парыз. Қажылықты өтеген кісі «қажы» атанады. Парыз қажылық «Хаж акбар» (үлкен қажылық), ал ұмра «Хаж асғар» (кіші қажылық) деп те аталады. Шамасы жеткен әрбір мұсылман үшін өмірінде бір рет қажылық ғибадатын жасауы – парыз, ал ұмра ғибадатын жасауы – сүннет.

Қажылық пен ұмраға баруға ниетті кісілердің мыналарға мән бергені абзал:

1. Қарыздарының төленуі;

2. Ренжіскен кісілерімен мақұлдасып, татуласуы;

3. Күнәларына тәубе етуі;

4. Дос-жаран, ағайын-туыстарымен қоштасып, олардың баталарын алуы;

5. Өзінде біреудің аманат етіп тапсырған нәрсесі болса, оны иесіне тапсыруы;

6. Кедей-кепшікке садақа үлестіруі;

7. Білімді және тәжірибелі кісілерден қажылық пен ұмра жөнінде мағлұматтар алуы;

8. Қажылыққа дайындық ретінде жеке басын тазалау (тырнақ алу, ғұсыл дәрет құйыну, қырыну, сақал-мұртын түзетіп, қажет болған жағдайда қолтығын қылдан тазарту, жеңіл, жұпар иіс себіну т.б.);

9. Үйден шығарда екі рәкат намаз оқып, «Бисмилләһ» деп жолға шығу;

10. Қажылықтан оралған соң да үйде екі рәкат шүкір намазын оқуы абзал.

 

Қажылық ғибадатының дұрыс орындалу шарттары

1. Мұсылман болу.

2. Арнайы жерлер: Арафат және Қағба.

3. Арнайы уақыт. Зиярат тауабының уақыты – құрбан айт таңынан бастап, өмірінің соңына дейін. Бірақ зиярат тауабын құрбан айттың алғашқы үш күнінде орындау уәжіп, кімде-кім бұл уақыттан кешіктірсе, қажылығының дұрыстығы үшін құрбан шалуға міндетті.Ал Арафат тауында тұрудың уақыты – арафа күні түс ауғаннан кейін құрбан айт күні таң намазының уақыты кіргенге дейінгі уақыт.

4. Ихрам. Қажылық немесе ұмра яки екеуін бірге жасау ниетімен, басқа уақытта халал болған кейбір істерді қажылық немесе ұмра уақытында кісінің өзіне харам етуі.

Қажылық үшін ихрамға кіріп ихрам намазы оқылады және ихрамға ниет етіледі.

Ихрам намазы: Кәдуілгі екі рәкаттық намаз іспетті ихрам намазы оқылады. Алғашқы рәкатта «Фатиха» мен «Кәфирун», ал екінші рәкатта «Фатиха» мен «Ықылас» сүрелері оқылады. Егер ол сүрелерді білмесе, онда білетін басқа сүресін оқиды.

Қажылыққа ниет:

Аллаһуммә иннии уриидул хажжә фәиәссирһу лии уә тәқаббәлһу миннии.

Мағынасы:

Алла Тағалам! Қажылық жасауға ниеттендім. Оны маған жеңілдетіп әрі қабыл ала гөр!

 

Қажылық ғибадатының жасалатын күндері

 

Қажылық іс-шаралары зулхижжаның 8-13 күндері аралығында, яғни осы алты күн ішінде орындалады.

Бірінші күн

Барлық қажылар тәруия күні таң намазын Меккеде оқиды. Бұл күні тәмәттуғ қажылығын жасаушы қажылыққа қайтадан ихрам киеді. Ихрам кимей тұрып ұмраға ихрам киген кездегі амалдарды орындайды, ғұсыл алады, иіссу себінеді. «Аллаһумма ләббәйкә хажжан» деп ниет етіп ихрам хәліне кіреді. Ихрамға кіргеннен кейін тәлбия айтуды бастайды. Содан кейін қажылар түске дейін Минаға жол жүреді. Минаға келгеннен кейін төрт рәкат намазды екі рәкат етіп қысқартып, әр намазды өз уақытында оқиды. Өйткені Тәруия күні бесін, намаздыгер, ақшам, құптан және арафа күнінің таң намазын Минада оқу – сүннет.

Екінші күн – Арафа күні

Қажылар арафа күні таң намазын Минада оқып, күн шыққаннан кейін асықпай, тәлбия айтып, Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, Құран оқып, ақырындап Арафат тауына қарай бет алады. Жолда Аллаға көп мадақ, зікір айту абзал. Түске дейін Арафатқа бару – сүннет. Ал Арафатта тұру – қажылықтың негізгі парызы, онсыз қажылық қабыл болмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қажылық – Арафат» деген (Әбу Дәуіт, Термези). Арафа күні – күндердің ең абзалы. Бұл күні барлық қажылар Арафатта жиналып, күн батқанға дейін Алладан кешірім, мейірім, рақым және басқа да қалағандарын шын жүректен сұрап, тілейді. Аллаға сансыз мадақтар, Елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауаттар айтылады. Айша (р.а.) анамыз жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла тозақ отынан дәл Арафа күніндегідей көп адамды басқа күндері құтқармайды» деген (Мүсілім).

Арафатта түске дейін шатырларда ғибадат жасап, түстен кейін мүмкіншілікке қарай ғұсыл немесе дәрет алады. Содан кейін шамасы, мүмкіндігі бар адамға бесін намазының уақыты кірген кезде Намира мешітіне бару – сүннет.

Зулхижжа айының тоғызында қажылар күн батқаннан кейін ақшам намазын оқымастан Мұздалифаға қарай бет алады. Ақшам және құптан намаздарын құптан уақыты кірген соң Мұздалифада бірге қосып оқиды. Осы екі намаздың оқылу тәртібі төмендегідей: алдымен азан шақырылып, қамат түсіріліп, ақшам намазы толық үш рәкат оқылады. Одан кейін азан шақырмастан бірден қамат түсіріліп, төрт рәкат құптан намазы екі рәкат етіліп, қысқартылып оқылады. Қажылардың осы түні Мұздалифада түнеуі – сүннет (өзге мәзһабтарда уәжіп). Шайтанға тас лақтыру үшін Мұздалифадан 70 ұсақ тас жинаған абзал. Әрине, басқа жерден жинауға да болады.

Үшінші күн – Құрбан айттың бірінші күні

Сүннет бойынша қажылар Мұздалифада түнеп, таң намазын осы жерде оқиды. Бұл зулхижжа айының оны – айт күнінің таң намазы. Таң намазынан соң айнала жарық болғанға дейін құбылаға қарап дұға жасайды. Артынша күн шықпастан Минаға бет алады.

Минада шатырларға орналасқан соң шайтанға тас лақтыру үшін Үлкен шайтанға (Ақаба жәмрасына) барып оған жеті тас лақтырылады. Әр тасты:

«Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар, рағман лиш-шайтани уа хизбиһ» деп айтып, лақтырады.

Мағынасы: «Алланың атымен! Шайтан және оған ергендер қаламаса да Алла ұлы».

Алғашқы тас лақтырылғанда тәлбия айту тоқтатылады. Үлкен шайтанға жеті тас лақтырғаннан кейін тәматтуғ қажылығын орындаушылар уәжіп құрбандарын шалады немесе басқа біреуді өкіл жасап шалдырады. Құрбандық шалған соң, шаштарын алғызып немесе қысқартып ихрамнан шығады. Ихрамда харам етілген нәрселердің бәрі қайтадан халал етіледі. Тек қана әйелдерімен барғандар зиярат тауабын жасағанға дейін жыныстық қатынас жасай алмайды.

 

Минада істелетін амалдардың реті

1. Тас лақтыру. Әрбір тасты жеке-жеке лақтыру қажет. Егер бірнеше тасты бірден лақтырса, бір тас лақтырған болып есептеледі. Әр тасты «Аллаһу әкбар!» деп лақтырған абзал.

2. Құрбандық шалуға міндетті кісі құрбандық шалады. Өзі шалған құрбандықтан дәм татып, қалғандарын кедейлерге таратып беруі керек. Қазіргі кезде бұл міндетті Ислам банктері атқарады. Қажылық жасаушы тек чек сатып алады. Сондай-ақ ол құрбандықты өзі бауыздап шалуына да болады.

3. Ер кісілер шаш алдырады немесе қысқартады. Шаш алдыру қысқартқанға қарағанда абзал. Әйелдер шаштарын бір елідей қысқартады. Ханафи мәзһабында айтылған амалдарды тәртіп бойынша орындау уәжіп. Қажылар тас лақтырып болғаннан кейін Аллаға былайша мадақ айтып, айт күндерін өткізеді:

«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, Лә иләһә иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, уа лилләһил-хамд» деген зікір сөздерімен бастайды.

Мағынасы: «Алла Ұлы! Алла Ұлы! Алла Ұлы! Алладан басқа Құдай жоқ! Алла Ұлы! Алла Ұлы және мақтау Аллаға тән».

 

Зиярат тауабы мен сағи

 

Қажылықтың парыздарының бірі – зиярат тауабы. Онсыз қажылық дұрыс саналмайды. Минада айт күні тас лақтырып болғаннан кейін ихрамнан шыққан қажылар Меккеге барып зиярат тауабын жасайды. Зиярат тауабы басқа тауаптар сияқты Қағбаны жеті рет айналудан тұрады. Бұл тауап былай жасалады: Жақсылап дәрет алып, бар ықыласпен Мәсжидул-Харамға қарай зікір айтып, баяу жүріспен барады. Ер кісілер тауапты бастамай тұрып ридаларын (дененің үстіңгі жағына оралатын ихрам атасы) оң қолтықтарының астынан өткізіп, сол иықтарының үстінен тарта орайды. Риданы бұлай орауды «Изтиба» дейді. Әйелдер изтиба істемейді. Тауапқа байланысты осы әзірліктерді істегеннен кейін зиярат тауабына ниет етіп, Рукнул-Йәмани жағынан қара тас-тың қарсы алдына барады. Мүмкіндік болса, тәкбір және таһлил айтып, қара тасты сүйеді. Ал егер мүмкіндік болмаса, қолымен ишарат етіп, сәлемдеседі. Қара тастың орналасқан бұрышында тауаптың басталатын жерін білдіретін қоңыр сызық бар. Міне, осы сызықтың тұсынан тауап басталады. Егер тауап бұл сызықтың яғни, қара тастың дәл қарсы алдынан емес кішкене алдыңғы жағынан басталған жағдайда айналым толық болмай қалады. Қағбаны сол жағына алып, оң жағымен тауапты бастайды. Әр айналымның басында қара тасқа сәлем береді. Барлық айналымдарда Рукнул-Йәмәни мен Рукнул-Хажарул-Әсуәдтің арасында мына дұға оқылады:

«Раббәна әәтина фид-дуниәә хасанатан уа фил-әәхирати хасәна, уа қина азабән-нар. Уа адхилнал-жәнната маал-абрар, Иа Азизу иа Ғаффар. Иа раббал-ааламин».

Мағынасы: «Раббымыз, бұл дүниеде де, ақиретте де тек жақсылығыңды беріп, бізді от азабынан сақта! Бізді жақсы, игі құлдарыңмен бірге жәннатқа кіргіз. Уа, Азиз! Уа, аса кешірімді Ғаффар! Уа, бүкіл әлемнің Раббысы!»

Алғашқы үш айналымда ер кісілер адымдарын жиі-жиі алып иықтарын сілкіген бойда, жылдам-жылдам жүреді. Бұлай істеу «рәмәл» делінеді. Рәмәл істеу – сүннет, істелінбеген жағдайда тауаптың дұрыстығына зиян келтірмейді. Тауап аяқталғаннан кейін мүмкіндігінше, Ибраһим мақамында, болмаса мешіттің кез келген жерінде екі рәкат намаз оқып, дұға жасалады. Сосын зәмзәм суын ішеді. Зиярат тауабын жасаған соң Минаға қайта қайтып, шайтанға тас лақтыру күндерінің түндерін сол жерде өткізу Ханафи мәзһабында – сүннет. Минада үш түн түнеген абзал, екі түн түнеуге де болады.

 

Тәшриқ күндері

 

Құрбан айттың екінші және үшінші күндері күн тас төбеден ауғаннан кейін бірінші Кішкентай, екінші Орта, сосын Үлкен шайтан тастарға жеті-жетіден тас лақтырады. Кішкентей және Орта шайтан тастарға тас лақтырып болғаннан кейін дұға жасалады.

Үлкен шайтан тасқа тас лақтырған соң дұға жасамай, дереу ол жерден кетеді. Құрбан айттың екінші және үшінші күндері күн тас төбеден аумай шайтан тастарға тас лақтырмайды. Құрбан айттың төртінші күні шайтан тастарға тас лақтырмайтындар (бұл күні лақтыру абзал, бірақ уәжіп емес) төртінші күні таң атпай Минадан қайтулары шарт. Әйтпесе, төртінші күні де тас лақтырулары уәжіп боп қалады. Айттың төртінші күні де Минада қалғандар үш шайтан тастың әрқайсысына жеті-жетіден тас лақтырып, Меккеге қайтады. Миқат шекараларының сыртынан келгендер Меккеден шығар кезде қоштасу тауабын жасайды.

Бірақ одан да бұрын жасауларына болады. Егер бұрын жасалып қойса, Меккеден шығар кезде қайта жасау шарт емес. Қоштасу тауабын жасағаннан кейін Қағбаға барып, намаз оқып, нәпіл тауап жасай алады. Мұндай жағдайда ең соңғы жасаған нәпіл тауабы – уадағ (қоштасу) тауабы деп есептеледі. Хайыз және нифас жағдайындағы әйелдер қоштасу (уадағ) тауабын жасамайды. Харам мешітінің есігіне дейін барып, Қағбамен қоштасып қайтады.

Ибн Аббас бұл турасында «Әйел адам хайыз жағдайында болса, қоштасу (уадағ) тауабын жасамастан жолға шығуына рұқсат етілді» (Бұхари, Хайыз/27, Хаж/144, Мүслим, Хаж/382(1328)), - деп риуаят еткен. Міне, осылайша қажылық амалдары тәмамдалады.