/>
Таң 06:19 Күн 07:34 Бесін 13:09 Екінті 16:53 Шам 18:38 Құптан 19:53

ИХРАМ

02/06/2017 595 0

ИХРАМ

 

Ихрам – қажылық амалдарының ең біріншісі. Бұл амалды орындауымен мұсылман бұдан бұрын өзіне адал болған кейбір істер мен нәрселерді қажылығын аяқтағанша арам етеді және Аллаһ тағаланы еске алумен ғана шұғылданады. Мұны ихрамға кіру дейді. Ихрам – қажылықтың сыртқы парызына да ішкі парызына да жатады.

Ихрамның шарттары:

  1. Ниет.
  • Ниетсіз ихрамның дұрыстығы жойылады. Омар (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ елшісінің :

) إِنَّمَا الْأَعْمَالُ بِالنِّيَّاتِ وَإِنَّمَا لِكُلِّ امْرِئٍ مَا نَوَى (

«Шындығында, амалдар ниеттермен ғана жүреді және әр кісіге ниетіндегі ғана болмақ», – дегенін есіткен[1].

  • Ихрамға кіруден алдын ихрам ниетімен ғұсыл құйыну, әтір себіну мустахаб. Сосын жаңа немесе жуылған ихрам киімдері киіледі. Сосын екі рәкағат намаз оқылуы мустахаб. Намаз аяқталғанда ниет жасалып: «Аллаһым, қажылықты атқаруға ниет етемін. Маған оны жеңіл атқаруымды нәсіп етіп, оны менен қабыл ала гөр» деп айтылады.
  • Біреудің орнынан қажылық орындаушы кісі: «Пәленшенің орнына қажылық (не умра) орындауға ниет еттім» деп ниет етеді.
  1. Тәлбия айту.
  • Ниетпен қатар айтылатын тәлбияның сүннетте келген бейнесі: «Ләббайка умратан уа хажжан». Мұның қазақша мағынасы: «Аллаһым, қажылық пен умраны атқару үшін алдыңда тұрмын». Анас (Аллаһ оған разы болсын):

(سَمِعْتُ النَّبِىَّ صلى الله عليه وسلم يَقُولُ : لَبَّيْكَ عُمْرَةً وَحَجًّا)

«Пайғамбардың : «Ләббайка умратан уа хажжан», – деп айтқанын есіттім деген[2].

  • Ниеттеніп тәлбия айтуымен мұсылман ихрамға кіреді. Енді ол қажылығын аяқтағанша ихрамның тыйымдарын сақтауға міндетті. Миқатқа жеткен және миқатқа қарама-қатар кемеде келе жатқан кісі тәлбияны ғұсылдан кейінгі екі рәкағат намазынан кейін айтқаны абзал. Ұшақтағы кісі ихрам киімдерін киген соң айтқаны абзал. Бұдан кешіктірген кісі, ең бастысы, миқат шеңберінен аспай ниетпен қатар тәлбия айтып болуы шарт. Әйтпесе оған миқаттан ихрамсыз асып кеткен кісінің үкімі жүреді.
  • Арабша айту қиынға соққан кісі үшін тәлбияның шарттылығы өзге тілде айтылуымен де жүзеге асады. Өйткені тәлбия айтудағы мақсат – Аллаһ тағаланы ұлықтау. Сондықтан тәлбияның дұрыстығы үшін араб тілінде айтылуы емес, ұлықтау мағынасының жүзеге асуы жеткілікті.
  • Тәлбияның сүннетте келген толық бейнесіне қатысты Абдулла ибн Омар (Аллаһ оған разы болсын):

(أَنَّ تَلْبِيَةَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَبَّيْكَ اللَّهُمَّ لَبَّيْكَ لَبَّيْكَ لا شَرِيكَ لَكَ لَبَّيْكَ إِنَّ الْحَمْدَ وَالنِّعْمَةَ لَكَ وَالْمُلْكَ لا شَرِيكَ لَكَ)

«Аллаһ елшісінің  тәлбиясы – «Ләббайкаллаһумма ләббайк. Ләббайка лә шәрика ләка ләббайк. Иннәл-хамда уан-ни′мата ләка уал-мулк. Лә шәрика ләк», – деп айтқан[3]. Қазақша мағынасы: «Міне, алдыңа келдім, Аллаһым, алдыңа келдім. Міне, алдыңа келдім, Сенің серігің жоқ, алдыңа келдім. Расында, мақтау да, нығмет те, билік те Саған тән. Сенің серігің жоқ».

  • Тәлбияны көтеріңкі дауыспен айту сүннет. Аллаһтың елшісі :

(أَتَانِي جِبْرِيلُ فَأَمَرَنِي أَنْ آمُرَ أَصْحَابِي أَنْ يَرْفَعُوا أَصْوَاتَهُمْ بِالْإِهْلَالِ وَالتَّلْبِيَةِ)

«Маған Жебірейіл періште келіп, сахабаларыма ихрамға кіру сөзі мен тәлбияны дауыстап айтуларын бұйыруыма әмір берді», – деген[4].

  • Тәлбияны әрдайым қайталап айту сүннет. Фадыл (Аллаһ оған разы болсын):

(أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم لَمْ يَزَلْ يُلَبِّى حَتَّى بَلَغَ الْجَمْرَةَ)

«Аллаһ елшісі  жамаратқа жеткенше тәлбия айтуын тоқтатпаған», – деп риуаят еткен[5].

Ихрамның уәжіптері

  1. Ихрамға миқаттан аспай кіру.
  2. Ихрам тыйымдарын сақтау.

 

Ихрам тыйымдары

  1. Ер кісіге кәдімгі тігілген киімдердің бірін киюі. Сондай-ақ аяқ башпайлары көрініп тұратын шәркейден басқа аяқкиім киюі. Ибн Омар (Аллаһ оған разы болсын):

(أَنَّ رَجُلًا نَادَى فَقَالَ يَا رَسُولَ اللَّهِ مَا يَجْتَنِبُ الْمُحْرِمُ مِنْ الثِّيَابِ فَقَالَ لا يَلْبَسُ السَّرَاوِيلَ وَلَا الْقَمِيصَ وَلا الْبُرْنُسَ وَلا الْعِمَامَةَ وَلا ثَوْبًا مَسَّهُ زَعْفَرَانٌ وَلا وَرْسٌ وَلْيُحْرِمْ أَحَدُكُمْ فِي إِزَارٍ وَرِدَاءٍ وَنَعْلَيْنِ فَإِنْ لَمْ يَجِدْ نَعْلَيْنِ فَلْيَلْبَسْ خُفَّيْنِ وَلْيَقْطَعْهُمَا حَتَّى يَكُونَا أَسْفَلَ مِنْ الْعَقِبَيْنِ)

«Бір кісі: «Ей, Аллаһтың елшісі ! Ихрамдағы киімнің қандай түрінен сақтануы керек?», – деп сұрады. Пайғамбар : «Шалбар, көйлек, жағасымен бірге тігілген қайырмалы баскиімі бар киім, сәлде кимейді. Сондай-ақ запырангүл мен уарсқа[6] боялған киім кимейді. Біреулерің ихрамға кірсе, ихрамға изар, рида және шәркей киіп кірсін! Кім шәркей таппаса, аяқкиімін кисін де оны тобықтан төменірек кесіп тастасын», – деді деп риуаят еткен[7].

  • Шәркей таппаған кісі үшін бізде, мәликилер мен шафиғилерде «Кім шәркей таппаса, аяқкиімін кисін де оны тобықтан төменірек кесіп тастасын» деген сөздің тура мағынасы алынады. Ал ханбалилерде кесілмей сол бетінде киілуге рұқсат етіледі.
  • Қажыны қандай да бір үзірлі себеп изардың астынан шалбар киюге мәжбүрлесе, оны изардың астынан киюіне, сондай-ақ мүлде изар таппаған кісіге оны тапқанша шалбар киюіне мәликилерден басқаларда рұқсат етіледі. Бұл рұқсат Айша анамыздың (Аллаһ оған разы болсын) «Түйесінің арқасына зембілін байлаушы ихрамдағы қызметшілеріне изарларының астынан бір нәрсе көрініп қалмас үшін, шолақ шалбар киюлерін зиянға санамағанын» баяндаған сахих хабарға негізделген. Бұл үшін шафиғилер мен ханбалилерде пидия төленбейді деп, ал бізде төленеді деп қарастырылады. Өйткені ихрамдағы кісіге шалбар кию, негізінде, тыйым салынған іс.
  • Ихрам киімін түйреуішпен түйреп не жіппен байлап ұстату – мәкрүһ.
  • Үстіне көйлек киген күйде ихрамға кірген кісі оны сол сәтте шешіп тастаса, пидия төлемейді. Алайда ұзақ уақыт бойы шешілмесе, пидия төлейді. Бір кісі умра үшін ихрамға кіргенде үстіне әтір себініп, шапан киген болатын. Ол Пайғамбарға келіп бұл жөнінде сұрағанда Аллаһтың елшісі

(أَمَّا الطِّيبُ الَّذِي بِكَ فَاغْسِلْهُ ثَلَاثَ مَرَّاتٍ وَأَمَّا الْجُبَّةُ فَانْزِعْهَا ثُمَّ اصْنَعْ فِي عُمْرَتِكَ كَمَا تَصْنَعُ فِي حَجِّكَ)

«Үстіңдегі әтіріңді үш мәрте жуып, шапаныңды шешіп таста! Сосын қажылығыңда істегеніңді умраңда істе», – деген[8].

  • Кім бір күн бойы тігілген киім кисе немесе басын бүркесе, қой шалуы – уәжіп. Бір күннен аз уақыт болса, садақа төлейді. Сол секілді бетін бүркеген әйел кісі де осылай істейді. Өйткені ихармдағы әйелге бетін бүркеуіне болмайды.
  • Ихрам киіміне қатысты әйел затының ер кісіден өзгешелігі, оған күнделікті шариғат киімін киюіне рұқсат.
  1. Ер кісіге бас пен бетті бүркеуі, ал әйел кісіге бетті бүркеуі. Ибн Аббас (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың :

(إِحْرَامُ الْمَرْأَةِ فِى وَجْهِهَا وَإِحْرَامُ الرَّجُلِ فِى رَأْسِهِ)

«Әйелдің ихрамы бетін бүркемеуінде, ал ер кісінің ихрамы басын бүркеуімінде», – дегенін жеткізген[9].

  • Сөйтіп ихрамға кірген ер кісіге басына сәлде, тақия, қалпақ киюіне, сондай-ақ мата, киім, орамал бүркеуіне тыйым салынған.
  • Басына ұзақ уақыт суық немесе ыстық тигізуге болмайтын сырқатқа ие қажыға қажеттілікке сай басын бүркеуіне рұқсат етіледі. Бірақ бұл үшін пидия төлеуі уәжіп болады.
  • Әйел кісіге ниқап тағуына және қолғап киюіне болмайды. Ибн Омар (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың :

(وَلا تَنْتَقِبْ الْمَرْأَةُ الْمُحْرِمَةُ وَلا تَلْبَسْ الْقُفَّازَيْنِ)

«Ихрамдағы әйел ниқап тақпайды және қолғап кимейді», – деп айтқанын жеткізген[10].

  1. Өз шашын да ихрамдағы басқа кісінің де шашын қырқу. Аллаһ тағала Құран Кәрімде:

﴿ وَلاَ تَحْلِقُواْ رُؤُوسَكُمْ حَتَّى يَبْلُغَ الْهَدْيُ مَحِلَّهُ فَمَنْ كَانَ مِنْكُمْ مَرِيضًا أَوْ بِهِ أَذًى مِنْ رَأْسِهِ فَفِدْيَةٌ مِنْ صِيَامٍ أَوْ صَدَقَةٍ أَوْ نُسُكٍ

«Құрбандық малы өз орнына жетпейінше шаштарыңды алмаңдар! Ал кім сендерден науқас болса не басынан зиян шексе, ораза не садақа не мал шалу жолымен пидия төлесін!», – деген[11].

Аяттағы «басынан зиян шексе» деген сөздің мағынасын келесі хадис түсіндіреді. Кағб ибн `Ужра (Аллаһ оған разы болсын):

(أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم مَرَّ بِهِ زَمَنَ الْحُدَيْبِيَةِ فَقَالَ لَهُ : آذَاكَ هَوَامُّ رَأْسِكَ. قَالَ نَعَمْ. فَقَالَ لَهُ النَّبِىُّ صلى الله عليه وسلم : احْلِقْ رَأْسَكَ ثُمَّ اذْبَحْ شَاةً نُسُكًا أَوْ صُمْ ثَلاَثَةَ أَيَّامٍ أَوْ أَطْعِمْ ثَلاَثَةَ آصُعٍ مِنْ تَمْرٍ عَلَى سِتَّةِ مَسَاكِينَ)

«Аллаһтың елшісі  Худайбия кезінде оның қасынан өтіп: «Басыңдағы бит мазаңды алды ма?», – деді. Ол: «Иә», – деп жауап берді. Сонда Пайғамбар  оған: «Шашыңды қырып таста! Сосын бір қойды құрбан шал не үш күн ораза ұста. Не болмаса, алты міскінді үш сағ кепкен құрмамен тамақтандыр!», – деді деген [12].

  • Шаш қырқу үкіміне оның аз көлемін де қырқу, кесу, жұлу, сонымен қатар денедегі, қолтықтағы, мұрындағы қылды жұлу амалдары да кіреді.
  • Шаштың, сақалдың, қолтықтағы және мүшедегі қылдың төрттен бірі қырылса, қой шалуы – уәжіп. Бұдан аз болса, бидайдан жарты сағ (1547г) садақа береді.
  1. Хош иісті майлар мен әтірді қолдану.
  • Киімге де денеге де әтір жағуға болмайды. Ибн Омар (Аллаһ оған разы болсын): «....Сондай-ақ запырангүл мен уарсқа[13] боялған киім кимейді.....»[14], – деп риуаят еткен хадисі дәлелге алынады.
  • Кім дене мүшелеріне әтір жақса немесе бір күн бойы әтір себілген киім кисе, бір қой шалуы – уәжіп.
  • Кім бүкіл денесіне толық немесе бір мүшесіне хош иісті май жақса, бір қой шалады.
  • Сондай-ақ ихрамды кісіге хош иісті нәрселерді иіскеу мәкрүһ саналады. Хош иісті нәрселерді иіскеу жөнінде сахабалардың пікірлері әртүрлі болып жеткен. Мысалы, Ибн Аббас райханды иіскеуді зиян көрмесе, Ибн Омар мен Жәбир мәкрүһ көрген. Кейінгі екі сахабаның хабарлары бойынша бізде хош иісті нәрсені иіскеу мәкрүһ саналады.

(عَن ابْن عَبَّاس :أَنه كَانَ لَا يرَى بَأْسا للْمحرمِ بشم الريحان)

Ибн Аббастан: «Ол ихрамдағы кісі үшін райханды иіскеуді зиян көрмеген»[15].

(عَن ابْن عمر :أَنه كَانَ يكره شم الريحان للْمحرمِ)

Ибн Омардан: «Ол ихрамдағы кісі үшін райханды иіскеуді мәкрүһ көрген»[16].

 

(عَن أبي الزبير :أَنه سمع جَابِرا يسْأَل عَن الريحان أيشمه الْمحرم و الطّيب والدهن ؟ فَقَالَ : لا)

Әбу аз-Зубайрдан: Ол Жәбирден: «Ихрамдағы кісі райханды, әтірді және майды иіскей ме?», – деп сұралғанын және оның: «Жоқ», – деп жауап бергенін естіген»[17].

  1. Хош иіссіз май түрлерін қолдану.
  • Ихрамдағы кісіге хош иіссіз майларды емдік мақсатта ғана болмаса, шашқа, сақалға, денеге жағуға болмайды. Өйткені бұл амал шаш пен сақалды әсемдеу, тәнді рақаттандыру мақсатын көздейді. Шаш ұйпаланып тұрса да қажылықтың көркі саналады. Ибн Омар (Аллаһ оған разы болсын):

(قَامَ رَجُلٌ إِلَى النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ، فَقَالَ : مَنِ الْحَاجُّ يَا رَسُولَ اللَّهِ ؟ قَالَ : الشَّعِثُ التَّفِلُ ، فَقَامَ رَجُلٌ آخَرُ ، فَقَالَ : أَيُّ الْحَجِّ أَفْضَلُ يَا رَسُولَ اللَّهِ ؟ قَالَ : الْعَجُّ وَالثَّجُّ)

«Бір кісі Пайғамбарға  қарай келіп: «Ей, Аллаһтың елшісі ! Қажы дегеніміз кім?», – деді. Ол  : «Шашы ұйпалақ, иісі жағымсыз», – деді. Басқа бір кісі орнынан тұрып: «Ей, Аллаһтың елшісі ! Ең абзал қажылық қайсы?», – деп сұрады. Ол  : «Тәлбияның даңғыры және құрбандықтардың шалынуы», – деді деген[18].

  1. Тырнақ алу.
  • Ихрамдағы кісіге өз тырнағын да, біреудің тырнағын да алуға рұқсат етілмейді.
  • Кім бір сәтте барлық тырнағын алса, пидия бір мәрте төленеді. Бір отырғанда бір қолыныкін, екінші отырғанда екінші қолынікін алса, пидия әр қолы үшін төленеді. Яғни екі қой шалады. Кім бес саусақтан аз алса, бидайдан жарты сағ садақа төлейді.
  • Сынған тырнақты алып тастауға рұқсат етіледі. Ибн Аббас (Аллаһ оған разы болсын) ихрамдағы кісіге қатысты:

(الْمُحْرِمُ يَشُمُّ الرَّيْحَانَ وَيَدْخُلُ الْحَمَّامَ وَيَنْزِعُ ضِرْسَهُ وَيَفْقَأُ الْقَرْحَةَ وَإِذَا انْكَسَرَ ظُفُرَهُ أَمَاطَ عَنْهُ الأَذَى)

«Ихрамдағы кісіге райханды иіскеуге, душқа кіруіне, ауырған тісін жұлдыруға, сыздауықты жаруына болады. Егер тырнағы сынса, оны алып тастасын!», – деген[19].

  1. Жыныстық қатынас және соған қозғайтын сөздер мен қылықтар. Бұның барлығын шариғатта الرَّفَثُ деп атайды. Сондай-ақ бұл ұғым ауызға келгенді айта беру сипатын да қамтиды. Аллаһ тағала Құран Кәрімде:

﴿ الْحَجُّ أَشْهُرٌ مَّعْلُومَاتٌ فَمَن فَرَضَ فِيهِنَّ الْحَجَّ فَلاَ رَفَثَ وَلاَ فُسُوقَ وَلاَ جِدَالَ فِي الْحَجِّ

«Қажылық бұл белгілі айлар. Кім ол айларда қажылықты атқару міндетін алса, қажылықта жыныстық қатынас, пасықтық, дауласу әсте болмайды!», – деген[20].

  • Қажы кісі жұбайымен жыныстық қатынасқа Арафада тұру рәсімін атқармастан түссе, қажылығы бұзылады. Алайда қажылық парызын қастерлеу мақсатында аяғына жеткізуі уәжіп. Сосын келешекте қажылығын қайта атқаруы парыз.
  • Кім жыныстық қатынасқа Арафада тұру рәсімін атқарған соң және шашын алғанға дейін түсіп қойса, «Қажылық дегеніміз – Арафа» деген хадистің негізінде қажылығы бұзылмайды, қажылығын толық аяқтайды. Алайда қателігін жуу үшін түйе шалуы – уәжіп.
  • Білмей не ұмытып істеген кісіге осы үкімдер жүреді.
  • Күйеуінің қалауына келісіп қойған әйелі де жеке кәфарат төлейді.
  • Кім шашын алған соң жыныс қатынасына түсіп қойса, әл-Ифада тауабын атқаруға ихрамының жалғасуы үшін бір қой шалуы – уәжіп.
  • Кім жыныстық қатынасқа түспей, құмарлықпен жұбайын ұстаса, құшақтаса, сүйсе немесе аймаласа, нәтижесінде шәует бөлінсе де, бөлінбесе де қажылығы бұзылмайды. Бірақ бір қой шалып, кәфаратын өтейді.
  • Кім шәуетті қол әркетімен шығарса, бір қой шалуы – уәжіп. Кім құмарлықпен біреуге қараса не ойланса, ешнәрсе өтемейді, бірақ күнә саналады.
  • Жыныстық қатынас қайталнған сайын кәфарат та қайталанады.
  1. Пасықтық жасау. Пасықтық дегеніміз – Аллаһ тағалаға бойсұнудан жалтару, шариғат ережелерін ұстанудан бұлтарып, күнә жасау. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ елшісінің :

(مَنْ حَجَّ هَذَا الْبَيْتَ فَلَمْ يَرْفُثْ وَلَمْ يَفْسُقْ رَجَعَ كَمَا وَلَدَتْهُ أُمُّهُ)

«Бұл үйге (Қағбаға) қажылық жасаушы кісі жыныстық қатынасқа түспесе, сондай-ақ пасықтық жасамаса, анасынан туған күндегідей оралады», – деп айтқанын жеткізген[21].

  1. Дауласу. Ихрамдағы кісі қасына еріп шыққан не бөтен адамдармен болсын, мүлде таласуына, дауласуына, ұрысуына болмайды. Аллаһ тағала Құран Кәрімде:
  2. Түз аң-құсының еті желінетінін аулау, ал еті желінбейтінін өлтіру. Аллаһ тағала Құран Кәрімде:

﴿ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لَيَبْلُوَنَّكُمُ اللّهُ بِشَيْءٍ مِّنَ الصَّيْدِ تَنَالُهُ أَيْدِيكُمْ وَرِمَاحُكُمْ لِيَعْلَمَ اللّهُ مَن يَخَافُهُ بِالْغَيْبِ فَمَنِ اعْتَدَى بَعْدَ ذَلِكَ فَلَهُ عَذَابٌ أَلِيمٌ(94) يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تَقْتُلُواْ الصَّيْدَ وَأَنتُمْ حُرُمٌ وَمَن قَتَلَهُ مِنكُم مُّتَعَمِّدًا فَجَزَاء مِّثْلُ مَا قَتَلَ مِنَ النَّعَمِ يَحْكُمُ بِهِ ذَوَا عَدْلٍ مِّنكُمْ هَدْيًا بَالِغَ الْكَعْبَةِ أَوْ كَفَّارَةٌ طَعَامُ مَسَاكِينَ أَو عَدْلُ ذَلِكَ صِيَامًا لِّيَذُوقَ وَبَالَ أَمْرِهِ عَفَا اللّهُ عَمَّا سَلَف وَمَنْ عَادَ فَيَنتَقِمُ اللّهُ مِنْهُ وَاللّهُ عَزِيزٌ ذُو انْتِقَامٍ(95) أُحِلَّ لَكُمْ صَيْدُ الْبَحْرِ وَطَعَامُهُ مَتَاعًا لَّكُمْ وَلِلسَّيَّارَةِ وَحُرِّمَ عَلَيْكُمْ صَيْدُ الْبَرِّ مَا دُمْتُمْ حُرُمًا وَاتَّقُواْ اللّهَ الَّذِيَ إِلَيْهِ تُحْشَرُونَ(96)

«Ей, иман келтіргендер! Әлбетте, Аллаһ сендерді қолдарың мен найзаларың жететін түз аң-құсымен біраз сынайды. Бұл – Аллаһты көрмей-ақ Одан қорқатын кісіні білуі үшін. Кім бұл ескертуден кейін шекті аттаса, оған қинаушы азап бар (94) Ей, иман келтіргендер, ихрамда түз аң-құсын өлтірмеңдер! Кім сендерден оны біле тұра өлтірсе, жазасы: өздеріңнен болған екі әділ куәнің төрелік етуімен өлтірген аңға тең құндағы мал құрбандық үкімімен Қағбаға жеткізеді. Немесе міскіндерді тамақтандыру кәфаратын атқарады не орнына ораза ұстайды. Ісінің кесірін тату үшін осылай істейді. Аллаһ өткенді кешірді. Ал енді кім тағы қайталаса, Аллаһ оған жазасын береді. Аллаһ аса үстем, жаза беруші (95) Теңіз аңын және оның қорегін пайдалану сендерге де, жолаушыларыңа да адал етілді. Сондай-ақ ихрамнан босағандарыңша, құрлықта аңшылық жасауларың арам етілді. Алдына қайта ттіріліп жиналатын Аллаһтан қорқыңдар!»[22], – деп айтқан.

  • Ихрам кезінде еті адал аң өлтірген кісі тура сондай құнды мал шалуы – уәжіп. Немесе малдың құнын міскіндерге садақа етеді. Әр міскінге бір сағ (3094г) кептірілген құрма не арпа, немесе жарты сағ (1547г) бидай береді. Немесе әр міскінге берілетін тамақтың орнына бір күн ораза ұстайды.
  • Аулаған аң өлексе саналады. Етін жеуге де, сатуға да болмайды.
  • Кім ихрам кезінде еті арам аңды өлтірсе, жазасы бір қойдан аспайды. Сол секілді кім құс-жануардың жүнін жұлса, жұмыртқасын сындырса, құнын төлейді.
  • Ихрамдағы кісіге жай кісінің аң аулауына жәрдем беруіне, аң-құс тарапына жол сілтеуіне, сатып алуына, сатуына, сыйлауына, сыйлық ретінде қабылдауына да болмайды. Абдулла ибн Аббас (Аллаһ оған разы болсын):

(عَنْ الصَّعْبِ بْنِ جَثَّامَةَ اللَّيْثِيِّ أَنَّهُ أَهْدَى لِرَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حِمَارًا وَحْشِيًّا وَهُوَ بِالْأَبْوَاءِ أَوْ بِوَدَّانَ فَرَدَّهُ عَلَيْهِ فَلَمَّا رَأَى مَا فِي وَجْهِهِ قَالَ إِنَّا لَمْ نَرُدَّهُ عَلَيْكَ إِلَّا أَنَّا حُرُمٌ)

«Со`б ибн Жәссәма әл-Ләйси бір құлан аулап, оны Аллаһ елшісіне  сыйлады. Пайғамбар  әл-Әбуа не Уаддән деген жерде болған еді. Аллаһтың елшісі   құланды оған қайтарып берді. Со`бтың көңілі түсіп кеткенін байқап: «Егерде біз ихрамда болмасақ, оны саған қайтармас едік», – деді деп риуаят еткен[23].

  • Жай кісі аулаған аң-құстың етінен жеуге рұқсат етіледі. Әбу Қатаданың баласы Абдуллаға айтқан хабарында ихрамдағы бір топ кісілер:

(يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنَّا كُنَّا أَحْرَمْنَا وَقَدْ كَانَ أَبُو قَتَادَةَ لَمْ يُحْرِمْ فَرَأَيْنَا حُمُرَ وَحْشٍ فَحَمَلَ عَلَيْهَا أَبُو قَتَادَةَ فَعَقَرَ مِنْهَا أَتَانًا فَنَزَلْنَا فَأَكَلْنَا مِنْ لَحْمِهَا ثُمَّ قُلْنَا أَنَأْكُلُ لَحْمَ صَيْدٍ وَنَحْنُ مُحْرِمُونَ فَحَمَلْنَا مَا بَقِيَ مِنْ لَحْمِهَا قَالَ أَمِنْكُمْ أَحَدٌ أَمَرَهُ أَنْ يَحْمِلَ عَلَيْهَا أَوْ أَشَارَ إِلَيْهَا قَالُوا لَا قَالَ فَكُلُوا مَا بَقِيَ مِنْ لَحْمِهَا)

«Ей, Аллаһтың елшісі ! Біз ихрамда, ал Әбу Қатада ихрамда емес еді. Сөйтіп бірнеше құланды көрдік. Әбу Қатада олардан ұрғашы құланды аулады. Біз отырып, оның етінен жедік. Сосын өзара: «Ихрамда бола тұра түз аңының етінен жеуімізге бола ма екен?», – деп қалған етін өзімізбен бірге ала келдік», – деді. Пайғамбар  : «Сендерден біреу Әбу Қатадаға аң аулауын бұйырды ма? Не оған біреу аңды көрсетіп сілтеді ме?», – деп сұрады. Олар: «Жоқ», – деді. Ол : «Онда қалған етін жей беріңдер!», – деді деген[24].

  1. Меккенің ағаштарын кесу және сындыру. әл-Харамда өсіп тұрған ағаштарды кесу мен өсімдіктерді жұлу қылмыс саналады. Сындырған немесе жұлған өсімдіктің құны пақырларға садақа ретінде таратылады. Аллаһтың елшісі : «...Бұл жерде аңшылық жасауға және тікенекті сындыруға болмайды. Бұл жерде біреудің жоғалған мүлкі табылса, оны тек табылғанын жариялау үшін алуға болады. Мұнда біреудің туысы өлтірілсе, зардап шегуші тарап екі шешімнің бірін қабылдай алады: қылмыскер не өлтіріледі, не өлтірілген кісінің отбасына төлем төлейді», – деді. Сонда Аббас: «Бұл үкім изһирден басқаға ғана жүрсінші, өйткені біз оны қабірлеріміз бен үйлеріміз үшін пайдаланамыз», – деді. Аллаһ елшісі : «Изһирден басқасына», – деді деген[25].

Ихрам кезінде рұқсат етілетін нәрселер

  1. Теңіз хайуанаттарын аулау.
  2. Түйе, сиыр және қой-ешкі сойып жеу. Өйткені бұлар аңшылық олжасына жатпайды.
  3. Жеңіл-желпі жуыну. Ибн Аббас (Аллаһ оған разы болсын) ихрамдағы кісіге қатысты:

(الْمُحْرِمُ يَشُمُّ الرَّيْحَانَ وَيَدْخُلُ الْحَمَّامَ وَيَنْزِعُ ضِرْسَهُ وَيَفْقَأُ الْقَرْحَةَ وَإِذَا انْكَسَرَ ظُفُرَهُ أَمَاطَ عَنْهُ الأَذَى)

«Ихрамдағы кісіге райханды иіскеуге, душқа кіруіне, ауырған тісін жұлдыруға, сыздауықты жаруына болады. Егер тырнағы сынса, оны алып тастасын!», – деген[26].

  • Жеңіл-желпі жуыну дегенде шаш арасын тырнақтармен қатты ысқылап жуудан сақ болу қажет. Дененің бастан өзгешелігі – бас жуылғанда бір тал шаш түспеуі қажет. Ысқылау нәтижесінде түскен бір немесе бірнеше тал шаш үшін қалауына сай садақа беру уәжіп.
  • Мүмкін болса, бой дәретсіздіктен тазару үшін ғана жуынғаны жөн. Өйткені бір кісі Пайғамбардан : «Ей, Аллаһтың елшісі ! Қажы дегеніміз кім?», – деп сұрағанда ді. Ол  : «Шашы ұйпалақ, иісі жағымсыз», – деп жауап берген[27].

 

  1. Күнге қарсы үйдің ішін, шатырдың астын немесе ағаштың көлеңкесін пайдалану. Ал басты бүркеу мәселесіне келсек, ыстықтан қорғану үшін қолшатыр секілді нәрседен басқаны қолдануға тыйым салынады.
  2. Қару асыну және мәжбүрлік қысқанда жаумен соғысу.
  3. Хижама жасату, айнаға қарау, тіс жұлдырту, денені қасу, жараны орау және сынықты салу. Ибн Аббас (Аллаһ оған разы болсын):

(أَنَّ النَّبِىَّ صلى الله عليه وسلم احْتَجَمَ وَهُوَ مُحْرِمٌ)

«Пайғамбар  ихрамда бола тұра хижама жасатқан», – деп айтқан[28].

  1. Зиянкес жәндіктерді, жыртқыштарды зиян төндірген сәтте өлтіруге рұқсат етіледі. Айша анамыз (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ елшісінің :

(خَمْسٌ فَوَاسِقُ يُقْتَلْنَ فِى الْحِلِّ وَالْحَرَمِ الْحَيَّةُ وَالْغُرَابُ الأَبْقَعُ وَالْفَارَةُ وَالْكَلْبُ الْعَقُورُ وَالْحُدَيَّا)

«Жылан, теңбіл қарға, тышқан, қабаған ит және қарақұс секілді бес зиянкесті кәдімгі жағдайларыңда да, ихрамда да өлтіріңдер!», – дегенін жеткізген[29]. Тағы бір риуаятта жыланның орнына шаян деп айтылған. Сол секілді мәтінде аталмаса да, осыларға ұқсайтын кез келген зиянкес хайуанаттардың ірісін де ұсағын да зиян төндірген жағдайда өлтірсе болады. 

  1. Ақша салатын белбеу тағыну.
  2. Сөйлесу. Ихрамдағы кісінің әр сөзін жақсы-мінез құлық басқаруы қажет.

Ихрамға қатысты сүннеттер

  1. Ихрамға кірер алдын тырнақ алу, мұрт қысқарту және қолтық пен мүшедегі қылды қыру.
  2. Ихрамға кірер алдын ғұсыл құйыну, әтір жағыну. Харижа ибн Зайдтың айтуынша, оның әкесі Зайд ибн Сәбит (Аллаһ оған разы болсын):

 

(أَنَّهُ رَأَى النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ تَجَرَّدَ لِإِهْلَالِهِ وَاغْتَسَلَ)

«Ол Пайғамбардың  ихрамға арналып, ғұсыл құйынғанын көрген», – деген[30].

  • Қажылық парызын атқаруға келген әйел кісінің етеккірі келсе не босанса, ғұсыл құйынуы мустахаб. Жәбир (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың қажылығын сипаттаған ұзын хадисінде:

(....فَخَرَجْنَا مَعَهُ حَتَّى أَتَيْنَا ذَا الْحُلَيْفَةِ فَوَلَدَتْ أَسْمَاءُ بِنْتُ عُمَيْسٍ مُحَمَّدَ بْنَ أَبِى بَكْرٍ فَأَرْسَلَتْ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم كَيْفَ أَصْنَعُ قَالَ : اغْتَسِلِى وَاسْتَثْفِرِى بِثَوْبٍ وَأَحْرِمِى ...)

«Онымен бірге қажылық жасау үшін жолға шығып, Зулхулайфаға келіп жеттік. Сонда Умайс қызы Асма босанды. Асма Аллаһ елшісіне : «Не істеймін?», – деп хабар жіберді. Ол: «Ғұсыл құйын және астыңа киім ора, сосын ихрамға кіре бер», – деді деген[31].

  • Ихрамға кірер алдын әтір жағыну туралы Айша анамыз (Аллаһ оған разы болсын):

(كُنْتُ أُطَيِّبُ رَسُولَ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم لإِحْرَامِهِ قَبْلَ أَنْ يُحْرِمَ وَلِحِلِّهِ قَبْلَ أَنْ يَطُوفَ بِالْبَيْتِ)

«Аллаһтың елшісіне  ихрамы үшін әтірді ихрамға кірмей тұрғанда, сондай-ақ жай кезінде әтірді Қағбаны тауап етуге шығарда жағатынмын», – деген[32].

  • Әтірдің иісі әлсіздеу болғаны абзал. Наафи′:

(كَانَ ابْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا إِذَا أَرَادَ الْخُرُوجَ إِلَى مَكَّةَ ادَّهَنَ بِدُهْنٍ لَيْسَ لَهُ رَائِحَةٌ طَيِّبَةٌ)

«Ибн Омар (Аллаһ оған разы болсын) Меккеге аттанарында хош иісі жоқтың қасы майдан жағынған», – деген[33].

  1. Изар[34] мен ридә кию. Ибн Омар (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың :

(وَلْيُحْرِمْ أَحَدُكُمْ فِي إِزَارٍ وَرِدَاءٍ وَنَعْلَيْنِ)

«Біреулерің ихрамға кірсе, ихрамға изар, рида және шәркей киіп кірсін!», – деп айтқанын жеткізген[35].

  • Изар мен ридәның түстері ақ болуы сүннет. Ибн Аббас (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың :

(الْبَسُوا مِنْ ثِيَابِكُمُ الْبَيَاضَ فَإِنَّهَا مِنْ خَيْرِ ثِيَابِكُمْ)

«Киімдеріңнің ақ түстісін киіңдер, расында, олар – киімдеріңнің ең жақсысы!», – дегенін жеткізген[36].  

  1. Ғұсылдан кейін, ихрамға кірмей тұрып екі рәкағат намаз оқу. Наафи′:

(كَانَ ابْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا إِذَا أَرَادَ الْخُرُوجَ إِلَى مَكَّةَ ادَّهَنَ بِدُهْنٍ لَيْسَ لَهُ رَائِحَةٌ طَيِّبَةٌ ثُمَّ يَأْتِي مَسْجِدَ ذِي الْحُلَيْفَةِ فَيُصَلِّي ثُمَّ يَرْكَبُ وَإِذَا اسْتَوَتْ بِهِ رَاحِلَتُهُ قَائِمَةً أَحْرَمَ ثُمَّ قَالَ هَكَذَا رَأَيْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَفْعَلُ)

«Ибн Омар (Аллаһ оған разы болсын) Меккеге аттанарында хош иісі жоқтың қасы майдан жағынған. Сосын Зүлхулайфа мешітіне келіп, (екі рәкағат) намаз оқыған. Сосын шөккен түйесіне мініп, түйесі тік көтерілгенде ихрамға кіретін. Сосын: «Пайғамбардың  тура осылай істегенін көрдім», – деп айтқанын риуаят еткен[37].

  1. Тәлбияны дауыстап және көбірек айту. Аллаһтың елшісі :

(أَتَانِي جِبْرِيلُ فَأَمَرَنِي أَنْ آمُرَ أَصْحَابِي أَنْ يَرْفَعُوا أَصْوَاتَهُمْ بِالْإِهْلَالِ وَالتَّلْبِيَةِ)

«Маған Жебірейіл періште келіп, сахабаларыма ихрамға кіру сөзі мен тәлбияны дауыстап айтуларын бұйыруыма әмір берді», – деген[38].

 

Фадыл (Аллаһ оған разы болсын):

(أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم لَمْ يَزَلْ يُلَبِّى حَتَّى بَلَغَ الْجَمْرَةَ)

«Аллаһ елшісі  жамаратқа жеткенше тәлбия айтуын тоқтатпаған», – деп риуаят еткен[39].

Ибн Омар (Аллаһ оған разы болсын):

(فَقَامَ رَجُلٌ آخَرُ ، فَقَالَ : أَيُّ الْحَجِّ أَفْضَلُ يَا رَسُولَ اللَّهِ ؟ قَالَ : الْعَجُّ وَالثَّجُّ)

«Бір кісі орнынан тұрып: «Ей, Аллаһтың елшісі ! Ең абзал қажылық қайсы?», – деп сұрады. Ол  : «Тәлбияның даңғыры және құрбандықтардың шалынуы», – деді деген[40].

 

[1] «Сахих әл-Бухари»: 1/6.

[2] «Сахих Муслим»: 4/59.

[3] «Сахих әл-Бухари»: 4/46.

[4] «Сунан ат-Тирмизи»: 3/191. Дәрежесі: сахих.

[5] «Сахих Муслим»: 4/71.

[6] Уарс – запырангүл секілді сары түсті хош иісті өсімдік.

[7] «Муснад Ахмад»: 8/500. Дәрежесі: сахих.

[8] «Сахих әл-Бухари»: 10/393.

[9] «Сунан ад-Дарақутный»: 2/294. Дәрежесі: мауқуф.

[10] «Сахих әл-Бухари»: 4/480.

[11] «әл-Бақара» сүресі: 196.

[12] «Сахих Муслим»: 4/21. Құрбандық әл-Харам территорисында шалынуы шарт. Басқа жерде шалу қателігі пидиямен өтелмейді. Ал ораза мен садақа елге оралғанда атқарылса да болады.

[13] Уарс – запырангүл секілді сары түсті хош иісті өсімдік.

[14] «Муснад Ахмад»: 8/500. Дәрежесі: сахих.

[15] әл-Байһақи. «ас-Сунан ас-Суғроо»: 1/465. Дәрежесі: сахих.

[16] әл-Байһақи. «ас-Сунан ас-Суғроо»: 1/465. Дәрежесі: сахих.

[17] әл-Байһақи. «ас-Сунан ас-Суғроо»: 1/465. Дәрежесі: сахих.

[18] «Муснад ас-Сохаба фи әл-Кутуб ат-Тис`а»: 17/89. Дәрежесі: хасан.

[19] «Сунан ад-Дарақутный»: 2/232. Дәрежесі: сахих.

[20] «әл-Бақара» сүресі: 197

[21] «Сахих әл-Бухари»: 4/450.

[22] «әл-Мәида» сүресі: 94-96.

[23] «Сахих әл-Бухари»: 4/462.

[24] «Сахих әл-Бухари»: 4/460.

[25] «Сахих әл-Бухари»: 6/211.

[26] «Сунан ад-Дарақутный»: 2/232. Дәрежесі: сахих.

[27] «Муснад ас-Сохаба фи әл-Кутуб ат-Тис`а»: 17/89. Дәрежесі: хасан.

[28] «Сахих Муслим»: 4/22.

[29] «Сахих Муслим»: 4/17.

[30] Сунан ат-Тирмизи»: 3/192. Дәрежесі: сахих.

[31] «Сахих Муслим»: 4/39.

[32] «Сахих Муслим»: 4/10.

[33] «Сахих әл-Бухари»: 4/54.

[34] Негізінде, изар дегеніміз – іштік киім. Қажы кісі үшін изар дегеніміз – ұзындығы мен ені денесінің кіндіктен балтырға дейінгі бөлігін орап жабуға жеткілікті мата. Ридә дегеніміз – денені толық жабатын, етегі ұзын көйлек. Қажы кісі үшін ридә дегеніміз – иықтарына тасталатын ұзындығы мен ені изар секілді мата. 

[35] «Муснад Ахмад»: 8/500. Дәрежесі: сахих.

[36] «Сунан ат-Тирмизи»: 3/319. Дәрежесі: сахих.

[37] «Сахих әл-Бухари»: 4/54.

[38] «Сунан ат-Тирмизи»: 3/191. Дәрежесі: сахих.

[39] «Сахих Муслим»: 4/71.

[40] «Муснад ас-Сохаба фи әл-Кутуб ат-Тис`а»: 17/89. Дәрежесі: хасан.