/>
Таң 03:44 Күн 05:20 Бесін 12:52 Екінті 18:03 Шам 20:18 Құптан 21:55

ҚАҒБА

05/06/2017 1150 0 Қ. Ламашәріп - Қажылық кітабы

ҚАҒБА

 

Қағба әл-Мүшрифа – Мәсжид Харамның дәл төрінде орналасқан. Қағба – сүбхана Алла тағаланың Жер бетіндегі алғашқы үйі. Ол туралы Құран кәрімдегі «Әл Имран» сүресінің 96-аятында былай делінген:

«Шындығында, адамдар құлшылық ету үшін салынған алғашқы Үй – Беккеде (Меккенің көне аты). Ол берекелі және ғаламдардағы ақиқат жолды көрсетуге қызмет етеді».

Қағба тарихының қалай басталғаны бір Алла тағаланың өзіне мәлім. Ол жайында бізге бірнеше дерек жеткен. бірінші дерек – сүбхана Алла тағала ең алдымен Үй салып, екі мың жылдан кейін Жерді жаратты. Сол Жерді Үйдің астына айналдырып әкелген дейді. екінші дерек – Адам ата (ғаләйһис-сәләм) жаратылғанға дейін сүбхана Алла тағала періштелерге Үй салуға әмір берген екен. Періштелер Үйді жаннаттың асыл тастары – қызыл түсті лағылдан тұрғызыпты. Алайда, ол тастардың ішінен бізге жеткені Қара тас қана. Адамдар күнәға батқаннан кейін жаннаттың бұл тасы қара түске айналған. Қара тас – бақыт әкеледі, сондықтан қажыға барған мұсылмандар бұл қасиетті Қара тасты сүйеді. Үшінші дерек – Адам ата мен Һауа ана жаннатта өмір сүріпті. Сүбхана Алла тағала оларға тек бір ағаштың жемісін жеуге тыйым салады. Алайда, Ібіліс шайтанның арбауына түскен Адам ата мен Һауа ана жемісті жеп, Алла тағаланың қаһарына ұшырайды. Адам ата Жаратқан Иеге жалбарынып, кешірім сұрайды. Алла тағала Адам ата мен Һауа ананы Жерге түсіріп, оларға және ұрпақтарына күнәларын кешіретін, құлшылық ететін Үйді тұрғызады. Төртінші дерек – Адам ата (ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін оның ұлы Шис Қағбаны салды. Ғимараттың тастары бес таудан: Синай, Ливан, Елеон, Жуди (Нұх пайғамбардың (ғ.с.) кемесі тоқтаған тау), Нұрдан (Мұхаммед пайғамбарға (с.а.с.) Алла тағаланың уахи сөздері алғаш жеткен тау) әкелінген. бесінші дерек – Нұх пайғамбар (ғ.с.) кезінде Жер бетін топан су қаптап, Алланың алғашқы үйінің ірге тасын шайып кеткен екен. Содан сүбхана Алла тағала Ибраһим пайғамбар мен оның ұлы Исмайылға (ғаләйһимас-сәләм) Қағбаның ірге тасын көтеруге Жәбірейіл періште арқылы әмір жіберген екен. Ол жайында Құран кәрімдегі «Бақара» сүресінің 127-аятында былай делінген: «Ибраһим Үйдің ірге тасын көтергенде Исмайыл: «О, Жаратқан Иеміз! Бізден қабыл ал, өйткені Сен – бәрін естисің, білесің», – деді». Сонымен Қағба дегеніміз – төрт бұрышты тас ғимарат. «Кағба» – араб сөзі, текше (куб) деген мағына береді. Қағбаның төрт бұрышы төрт жақты көрсетеді. Шығыс бұрышты «әр-рүкн әл-әсуәд» («қара бұрыш») деп атайды, өйткені, ол бұрышта қасиетті Қара тас бар. Қара тас күміспен жиектелген, жерден бір жарым метр биіктікте орналасқан. Діни аңыздар бойынша Алла тағала жұмақтан қуылған Адам атаға (ғ.с.) күнәсін мойындағаны үшін осы тасты сыйға тартқан. Алғашқы кезде оның түсі ақ болды. Кейін күнәһарлар ұстаған тас қарайып кетеді. Солтүстік бұрышты «әр-рүкн ал-ирақи» («Ирақ бұрышы»), батысты көрсететін бұрышты «әр-рүкн әш-шәми» («Шам елі бұрышы»), ал оңтүстік жақты меңзейтін бұрышты «әр-рүкн әл-йәмәни» («Йемен бұрышы») деп атайды. Жыл сайын Зул-хижжа айының 9-күні Қағбаға жаңа жапқыш – кисуа жабады. Кисуа – Қағбаның қабырғаларын жабу үшін жібектен тоқылған қара мата. Кисуада «Лә иләһә иллаллаһ, Мухаммәд рәсүлуллаһ» («Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед – Алланың елшісі»), «Аллаһу жәлл жәләлуһ» («Құдіретті де күшті Алла»), «Сүбханаллаһи уә би-хамдиһи» («Аллаға мақтау мен мадақ»), «Сүбханаллаһил-азим» («Зор мәртебелі Аллаға мақтау») деген қасиетті жазулар бар. Кисуаның биіктігі – 14 метр. Осы биіктіктің жоғарғы үштен бір бөлігінде Кисуаның белдігі – хизам орналасқан. Хизамның ені 95 см, ұзындығы 47 м, ол 16 бөлімнен тұрады. Хизамда алтын жалатылған күміс жіппен Құран кәрімнің қысқа сүрелері жазылған. Хизамның астында 6 жолақ бар, олардың әрқайсында алтын әріппен Құран аяттары жазылған. Жолақтардың арасында фонарь пішіндес оюлар салынған. Оюларда «Йә хәй йә қаййум» («Я, Өмір беруші! Я, Мәңгілік жасаушы!), «Иә рәхман йә рахим» («Я, Қайырымды! Я, Рақымды!») «әл-Хамду лиллаһ раббил-аламин» («Ғаламды жаратушы Аллаға мақтау») деген секілді сөздер өрнектелген. Қағбаның солтүстік-шығыс қабырғасында жерден 2 метр биіктікте орналасқан есігі бар. Есік таза алтынмен безендірілген, оның салмағы 286 кг. Кисуаның ең басты бөлігі – ситара (Қағба есігінің пердесі). Ситараның биіктігі алты жарым метр, ені үш жарым метр, оған да Құран аяттары жазылған. 

Қағбаны көргенде оқылатын дұға:

Алдымен «лә иләһә иллалла»- «Алладан басқа құдай жоқ» деп үш рет һәләл айтылады. Одан кейін («аллаһу әкбәр») – «Алла – ең ұлы» деп үш мәрте тәкбір айтылады. Содан соң:

Лә илаһа иллаллаһу уахдаһу лә шәриикә ләһу, ләһул-мүлк уә ләһул-хамд уә һууә ғала күлли шәйин қадиир. Ағұзу би-раббил-бәйти мин әл-күфри уәл-фақри уә мин азаабил-қабр уа диқис-садр салаллаһу ғала сәйидинә Мухаммәдин уә ғала әәлиһи уә сахбиһи уә сәлләмә аллаһумма зид һәзәл-бәйтә тәшриифән уә тәкриимән тағзиман уә мәһәәбәтән уә рифғатән уә бәррән уә зид йә рабби мән шәррәфәһу уә аззамаһу миммән хажжәһу әу иғтәмәрәһу тәшриифән уә тәкриимән уа тағзиман уә мәһәәбәтән уә рифғатән уә бәррән. Мағынасы: Алладан басқа құдай жоқ. Ол – жалғыз. Оның серігі жоқ. Бар байлық та Одан, мақтау да Оған. Ол бәрінен де құдіретті. Үйдің (Қағбаның) Иесінен кәпірлікке ұрын-бауды, кедейшілікте болмауды, қабір азабын тартпауды, кеудені қуыс қылмауды сұраймын. Біздің пайғамбарымызға, оның әулетіне, сахабаларына (серіктеріне) Алланың шапағаты жаусын. Я, Алла! Бұл Үйіңді сый-сияпатқа, құрметке, қадірлікке, қошеметке, ұлылыққа, мәртебеге, жақсылыққа толтыр. Жаратқан Ием! Сондай-ақ қажылық, не ұмра жасағанның да сый-сияпатын, құрметін, қадірін, қошеметін, мәртебесін, игілігін арттыр.